Елімізде 6,5 миллионнан астам бала мемлекет есебінен сақтандырылған. Олар МӘМС жүйесінде барлық қажетті медициналық көмекті тегін ала алады. Балаларды қорғау күні әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының…
Елімізде 6,5 миллионнан астам бала мемлекет есебінен сақтандырылған. Олар МӘМС жүйесінде барлық қажетті медициналық көмекті тегін ала алады. Балаларды қорғау күні әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары балалар медицинасы қалай қаржыландырылып жатқанын түсіндірді
18 жасқа дейінгі барлық балалар халықтың жеңілдікке ие санатына кіреді. Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын 2 989 теңге мөлшерінде жарна аударады. Қордың мәліметінше, қазір МӘМС жүйесінде 6 млн 549 мың бала сақтандырылған. Осының арқасында балалар МӘМС пакетінде медициналық көмектің кеңейтілген тізіміне қол жеткізе алады.
Бала туғаннан бастап аурудың алдын алуға және балалар денсаулығын нығайтуға маңызды рөл беріледі. Биыл нәрестелердің психофизикалық дамуын бағалау және неонаталдық скринингтер өткізуге қосымша қаражат бөлінген. Жалпы, 2021 жылы МӘМС жүйесінде туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруді жүргізуге 12 млрд теңге аударылған. Қаңтар-сәуір айларында балаларға 3,6 млрд теңгеге скринингтік зерттеу жүргізілген. Жалпы ауруларды және даму бұзылыстарын уақтылы анықтау үшін профилактикалық тексерулермен 4,4 млн бала, скринингтермен 900 мыңнан астам бала қамтылдған. Ерте жастағы балаларды күту мәселелері бойынша кеңес беру үшін 523 баланы дамыту кабинеті ашылған.
МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға тістерін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдеуге мүмкіндік береді.
Бұл жағдайда олар стоматологиялық көмектің келесі түрлерін ала алады:
- тісті жансыздандыру және жұлу;
- пломба салу;
- абсцесстерді ашу;
- пульпит, периодонтитті емдеу;
- гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру;
- еріндер мен тілдердің пластикасы;
- ренгенография;
- ортодонтиялық қызметтер: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (жырық таңдай) болған кезде.
Егер сіздің балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, онда сіз өзіңіздің емханаңызға да, қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологияға да жүгіне аласыз. Олардың тізімін сайттан көруге болады (fms.kz «медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінде – «КДУ қызметін жеткізушілер»). 2021 жылы балаларға туа біткен патологиялар кезінде ортодонтиялық көмек көрсетуге 3,5 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Стоматология қызметтерін жоспарлы түрде қаржыландыруға (балалар мен жүкті әйелдер үшін) 14,2 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша балаларға 7,3 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілген.
Медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен бірге мектеп медицинасы да жаңа қарқынмен дами бастады. Ол мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Оған тікелей мектепке дейінгі және орта оқу орындарында профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, аурулардың алдын алу, вакцинация және балалар денсаулығын қорғауға және нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар кіреді. Қаңтар-сәуір айларында мектеп медицинасының қызметі 6,3 млрд теңгеге көрсетілді. Жалпы, 2021 жылы мектеп медицинасына 22,5 млрд теңге қарастырылған. Тегін дәрі-дәрмек МӘМС жүйесі балаларды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді көздейді. 65 нозология бойынша, оның ішінде орфандық аурулар, жүйке жүйесі, қан айналымы жүйесі, тірек-қимыл аппараты аурулары, дамудың кідірістері бойынша 244 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді. Ал ТМККК шеңберінде балалар аурудың 35 түрі бойынша 274 препаратпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде онкология, қатерлі ісіктер, қанның ұю факторларының тұқым қуалайтын тапшылығы, аутоиммундық аурулар және иммун тапшылығы жай-күйі және тағы басқа ауру үшін өзінің учаскелік дәрігеріне немесе педиатрынан дәрілік препараттарды алуы қажет.
Сонымен қатар, балаларға жоғары технологияларды қолдана отырып, шұғыл және жоспарлы қымбат операциялар тегін жүргізіледі. Неонаталдық хирургияның дамуында жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар нәрестелерге 1000-нан астам операция жасалады. Олардың тиімділігі 88,5%-ды құрайды. Жылына 2 мыңнан астам кардиохирургиялық ота туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жасалады. Оның 77,0%-ын өмірінің бірінші жылындағы балалар құрады, бұрын бүлдіршіндерді тек шетелге жіберген. Ашық жүрекке жасалатын операциялардың тиімділігі 95%-ды, эндоваскулярлық араласулардың тиімділігі 99,5%-ды құрады. Сондай-ақ, кішкентай пациенттер медициналық оңалтуға сене алады. Ал ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қор Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қорымен жүзеге асырылатын «Қамқорлық» оңалту бағдарламасын қаржыландырады. Елімізде 34 оңалту орталығы жұмыс істейді (оның 3-і республикалық деңгейде). МӘМС жүйесін енгізу шеңберінде балаларды оңалтуды қаржыландыру бір жылда екі есеге дерлік ұлғайған. Бұл төсек-орын қорын 45,6% — ға кеңейтуге мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігін 22% — ға жақсартты.
Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балалар УДЗ, рентген, КТ және МРТ, ЭКГ тегін өтеді. Қажетті талдауларды тапсырып, басқа консультациялық-диагностикалық қызметтерді алады.
2021 жылдың 4 айында МӘМС жүйесіндегі балаларға 18,5 млрд теңге сомасына аталған қызметтер көрсетілген. Консультациялық-диагностикалық қызметтерді алу үшін өзіңіздің емханаңыздағы учаскелік дәрігерге хабарласыңыз. «Егер қандай да бір себептермен сіздің балаңыз сақтандырылмаған болса немесе сізге балаға қажетті медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына келесі байланыс арналары арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyrýBot, сайт fms.kz», — деп хабарлайды қордың баспасөз қызметінен.
Баян БАҚКЕЛДІ